Ақынмен өткен әсерлі кеш
Қараша айының 28 жұлдызы күні Қарақұдық ауылдық кітапханасында «Өнегелі өмір» жобасы аясында мектеп оқушыларын жетістік пен табысқа жеткен тәлімді адамдармен кездесу мақсатында Амангелді орта мектебі мен мәдениет қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Қарақұдық ауылының тумасы, айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қарағанды облыстық маслихатының депутаты Жұмағұлов Айтбай Ботпайұлымен кездесу өтті. Ақынға арнап «Өлеңмен өрге өрлеген Айтбай ақын!» атты көрме ақпарат, «Ақын – ақиқаттың айнасы» атты фото көрме дайындалып насихатталды. Шараға Амангелді орта мектебінің ұстаздары мен жоғарғы сынып оқушылары және «Балдәурен» шағын орталығының тәрбиешілері мен бүлдіршіндері қатысты. Алдымен Айтбай Ботпайұлы өзі жайында біраз мәліметтер беріп, қатысып отырған жасөспірімдерге ақыл-кеңестерін айтты. Кездесу барысында оқушылар ақынға көңілдерінде жүрген көкейтесті сұрақтарын қойып, мардымды да көңілге қонымды, толыққанды жауаптарын алды. Айтбай ақын кездесу барысында сұрақтарға жауап беріп қана қоймай, өмірдегі жинаған тәжірибесіне сүйеніп, өмірге деген көзқарасын оқушыларға әзіл-қалжыңы аралас ақылын айта отырып, емен-жарқын сұхбат берді. Сұхбат барысында байқағанымыз- ақын ұлтымыздың барлық құндылығына шын жаны ашитын, бірнеше белсенділігімен елдің игілігі үшін жасаған істеріне қарай отырып, еліміздің қамын ойлайтын жастардың ойымен санаса білетін, білікті де білімді, заманауи ақын және алға қойған мақсаты айқын еліне жанашыр жан екен. Сырлы сұхбатқа толы болған әсерлі кеште оқушылар ақынның адами болмысы мен рухани әлемімен жақын таныса алды. Осы кешті қонағы болған Айтбай ақынның иығына ұйымдастырушылар тарапынан шапан жабылып, ал ақын ағалары өз алдына сыйға тартқан шапанын қазіргі уақытта домбыраны өзіне серік етіп жүрген Сұлтанов Нариманға жапты. Рухани азық беретін осындай іс-шаралар жасөспірімдер үшін ауадай қажет, себебі олардың патриоттық сезімдерін шыңдауға септігін тигізері хақ. Кітапханада өткен бұл кездесуден ұстаздар мен оқушылар ерекше әсер алды. Шара соңында қатысушылар Айтбай ақынның өлең десе ішкен асын жерге қоятын, жүрегін жарып шыққан жырын тыңдап, ақын өлеңімен сусындап қайтты.